«Әуежайды басып алу» ісі бойынша апелляциялық сотқа қатысқаны үшін тағы бір белсенді 15 тәулікке қамалды

Ол тағылған айыппен келіспейді


27/09/2023
10:47 14150 0

Фото: Masa Media/Есдәулет Қызырбекұлы

 

26 қыркүйекте Алматы қаласының әкімшілік істер жөніндегі соты белсенді Асхат Берсалимовті «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен 15 тәулікке қамауға шешім шығарды. Азаттық радиосының хабарлауынша, ол сот шешімімен де, тағылған айыппен де келіспеген. 

 

Асхат Берсалимов 26 қыркүйек таңертең Facebook желісіне полицияға шақырту алып, Әуезов аудандық полиция басқармасына бара жатқанын жазған. Ол полицияда таңғы сағат 10:00-ден бастап кешке дейін полицияда болған. Сағат 18:00-де сот болған. 

 

Белсенді 19 қыркүйекте «Әуежайды басып алу» ісі бойынша өткен апелляциялық сот процесіне қатысу үшін Алматы қалалық сотының алдына барған. Ол жерде сотталушылардың жақтастары процесті офлайн өткізуді талап еткен. Асхат Берсалимовқа сол жерге барғаны үшін «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» бабы бойынша айып тағылған. 

 

Бұған дейін «Әуежай сотына» қатысқаны үшін белсенді Абзал Достияров 15 тәулікке қамалып, Майра Ғабдуллина мен Марат Тұрымбетовқа 30 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Олар да өздеріне тағылған айыппен де, шығарылған сот шешімімен де келіспеген. 

 

19 қыркүйекте Қаңтар оқиғасы кезінде «Әуежайды басып алу ісі бойынша» сотталғандардың апелляциялық соты даумен басталған. Процеске қатысу үшін Алматы қалалық сотына келген адамдар саны көбейген кезде сот онлайн режимде өтетіні хабарланып, сотталушылардың туыстары, адвокаттары мен белсенділер наразылық білдірген. 

 

«Әуежайды басып алу ісі» бойынша айыпталған белсенді, журналист Айгерім Тілеужан 4 жылға, тарих пәнінің мұғалімі, белсенді Қалас Нұрпейісов және өзге үш адам 8 жылға сотталған. Олар бірінші сатыдағы сот шығарған шешіммен де, тағылған айыппен де келіспеген. Айгерім Тілеужан «істің саяси тапсырыс» екенін мәлімдеген. 

 

 

 

 

 

 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

27/09/2023 10:47
14150 0

Уведомление